Лондон, 9 шілде 1955 ж.
Лорд Бертран Рассел Рассел - Эйнштейн манифесін жариялады.
Біз бүкіл адамзат алдында туындаған осы жан түршігерлік жағдайда бүкіл дүниежүзі ғалымдары жаппай қырып-жою қаруын жасау нәтижесінде пайда болған қауіп-қатерді бағалау үшін бір конференцияға жиналып, ұсынылған жобаға сәйкес қарар шығаруы тиіс деп есептейміз.
Бұл жағдайда біз қандай да бір халықтың, континенттің немесе діни ілімнің өкілдері ретінде емес, одан әрі өмір сүруіне қауіп төнген адамдар, адам нәсілі өкілдері ретінде сөйлеп тұрмыз. Дүниежүзі қақтығыстарға толы; және барлық екінші дәрежелі қақтығыстар коммунизм мен антикоммунизм арасындағы алапат күреспен салыстырғанда болмашы ғана.
Саяси жағдайды жіті сезінетін әрбір адам қандай да бір мәселеге сүйіспеншілікпен немесе антипатиямен қарайды делік; бірақ біздің сұрап отырғанымыз, егер мүмкін болса сіздер осы сезімдерді ысырып қойып өздеріңізді тамаша даму тарихы бар және жойылып кетуін біздің ешқайсымыз қаламайтын жалғыз ғана биологиялық түрдің өкілдері ретінде қарастырсаңыздар екен дейміз.
Біз бұл туралы бір де бір лагер бізді әділетсіз деп айыптай алмайтындай етіп айтып жеткізуге тырысуымыз керек. Барлығымызға қауіп төніп тұр, егер бұл қауіпті әрқайсымыз түсінсек, бірлескен күш-жігермен оның алдын алуға болады деп үміттенуге болады.
Біз жаңаша ойланып үйренуіміз керек. Біз өзімізге соғыста жеңіске жету үшін біз тиесілі лагердің қандай қадамдар жасау керектігі туралы сұрақ қоюымыз керек емес, өйткені мұндай қадамдар енді жоқ; керісінше, нәтижесі оған қатысушылардың барлығы үшін апатты болуы тиіс қарулы күрестің алдын алу үшін қандай қадамдар жасауға болады?- деген сұрақты қоюымыз керек.
Қоғам да, тіпті көптеген мемлекет қайраткерлері де ядролық соғыстың салдарын түсінбейді. Қоғам әлі де болса оны қалаларды жою құралы ретінде ғана қарастырады. Жаңа бомбалардың ескі бомбаларға қарағанда әлдеқайда қуатты екенін және бір атом бомбасы Хиросиманы жойып жіберген болса, ал Лондон, Нью-Йорк және Мәскеу сияқты ірі қалаларды жер бетінен құртып жіберу үшін бір ғана сутегі бомбасы жеткілікті екенін барлығы жақсы біледі.
Сутегі бомбаларын қолданған соғыста үлкен қалаларды жер бетінен жойып жіберу мүмкін екеніне күмән жоқ. Бірақ бұл біз көретін апаттың жойқыны емес. Егер Лондон, Нью-Йорк және Мәскеу тұрғындары қаза болса, адамзат бірнеше жүз жылдан кейін бұл соққыдан айыға алар еді. Бірақ қазір біз әсіресе Бикини сынағынан кейін, ядролық бомбалардың болжалған апаттарға қарағанда неғұрлым кең ауқымды аумақтарға бірте-бірте ажал отын шашып, қиратып құртып кететінін білеміз.
Біз қазір Хиросиманы жойған бомбамен салыстырғанда 2500 есе қуатты бомба жасалуы мүмкін деп беделді түрде мәлімдейміз.
Мұндай бомба, егер ол жер үстінде немесе су астында жарылатын болса, атмосфераның жоғарғы қабаттарына радиоактивті бөлшектер таратады. Олар біртіндеп төмен түсіп, жер бетіне ажал себуші радиоактивті тозаң немесе жаңбыр түрінде жетеді. Жапон балықшылары мен олардың ауланған балықтарының зақымдануына әкеп соққан дәл осы тозаң.
Мұндай ажал себуші радиоактивті бөлшектер қаншалықты ауқымды жерге таралуы мүмкін екенін ешкім білмейді. Бірақ ең ірі мамандар сутекті бомбаларды қолдану арқылы жүретін соғыс адам атаулыны жойып жібереді деп бірауыздан айтып отыр. Сутегі бомбаларының көп мөлшерін пайдаланған жағдайда бірден жаппай өліп кетуге тіршіліктің аз бөлігі ғана ұшырауы мүмкін, ал көпшілігінің өлімі − баяу және азапты болады деп қауіптенуге болады.
Көптеген көрнекті ғалымдар мен әскери стратегия саласындағы беделді тұлғалар қауіп-қатер туралы бірнеше рет ескертті. Олардың ешқайсысы да өлімге әкеп соғатын нәтижелердің болуы сөзсіз екенін ашып айтпайды. Олар апаттың болуы әбден мүмкін деп және оған жол бермеуге болатынына ешкім сенімді бола алмайды деп есептейді. Біз мамандардың бұл мәселеге деген көзқарасы қандай да бір дәрежеде олардың саяси көзқарастарына байланысты еместігіне көз жеткіздік. Ол біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, мамандардың білім деңгейіне байланысты. Біз өте көп білетін адамдар ең пессимистік көзқараста болатындығына көз жеткіздік.
Сондықтан біз алдарыңызға шығарып отырған сұрақ осы, бұл сұрақ - қаһарлы, үрей туындатушы және болмай қоймайтын мәселе: біз адам нәсілін құртуымыз керек пе, әлде адамзат соғыстардан бас тартуы керек пе? [1] Адам мұндай баламамен қақтығысуды қаламайды, себебі соғысты жою өте қиын.
Соғысты жою ұлттық мақтаныш сезіміне қарама-қайшы болып табылатын ұлттық егемендікті шектеу шараларын талап етеді [2]. Алайда, жағдайды бағалауға неғұрлым кедергі келтіретін бұлыңғыр және абстракт түсінік ретінде қабылданатын "адамзат" деген ұғым. Адамдар "адамзат" деген абстракт ұғымға ғана емес, тікелей өздеріне, өздерінің балалары мен немерелеріне қауіп төніп тұрғанын жете түсініп тұрған жоқ. Олар өздеріне және өз жақындарына ауыр өлім қаупі төніп тұрғанын түсінуді өз-өзіне мойындата алмай тұр. Сондықтан адамдар соғыс қазіргі заманғы қару-жараққа тыйым салынған жағдайда да жалғасуы мүмкін деп ойлайды.
Бұл иллюзия үміт. Бейбіт уақытта сутегі бомбаларын пайдалануға тыйым салу бойынша қандай келісімдерге қол жеткізілмесе де, оларды соғыс уақытында міндетті емес деп санайтын болады. Және екі тарап соғыс өршіген кезде дереу сутегі бомбаларын жасауға кіріседі, себебі, егер де бір тарап сутегі бомбаларын жасай бастаса, ал екіншісі жасамаған болса, онда сутегі бомбалары бар тарап сөзсіз жеңімпаз болады.
Ядролық қаруға тыйым салу туралы кез келген келісім қару-жарақты жалпы қысқартудың бір бөлігі ретінде түпкілікті шешім бермесе де, ол кейбір маңызды мақсаттарға жету үшін қызмет ете алар еді [3]. Біріншіден, Шығыс пен Батыс арасындағы кез келген келісім шиеленісті азайтуға бағытталған уақытқа дейін ғана пайдалы. Екіншіден, термоядролық қаруға тыйым салу, егер тараптардың әрқайсысы тарапттардың біреуінің міндеттемелерді адал орындауға ниетті деп есептесе, қазіргі уақытта екі тарапты да жүйке күйзелісі жағдайында ұстап отырған Перл Харбор сынды күтпеген шабуыл алдындағы үрейді азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз мұндай келісімді тек бастапқы қадам ретінде құптауымыз керек.
Біз көбінесе өз сезімімізге бағыныштымыз. Алайда, адам ретінде, біз Шығыс пен Батыс арасындағы келіспеушіліктер барлығын: коммунистерді немесе антикоммунистерді, азиялықтарды, еуропалықтарды немесе америкалықтарды, ақ және қара нәсілділерді мүмкіндігінше қанағаттандыратындай болып шешілуі тиіс екенін есте сақтауымыз керек. Бұл келіспеушіліктер қарудың күшімен шешілмеуі тиіс. Біз мұны Шығыстың да, Батыстың да түсінгенін қалаймыз.
Біздің алдымызда үздіксіз прогресстің, бақыттың, білім мен даналықтың жолы жатыр. Мұның орнына біз арамызда болған кикілжіңдерді ұмыта алмағандығымыздан ғана өлімді таңдаймыз ба? Біз барлық адамдарға адам ретінде айтарымыз: сіздер адам атаулыға жататындарыңызды есте сақтаңыздар, ал қалғанының бәрін ұмытыңыздар. Егер сіздер осыны істей алатын болсаңыздар, онда сіздердің алдарыңызда жаңа жұмаққа жол ашық; егер сіздер мұны жасай алмасаңыздар, онда сіздердің алдарыңызда жалпыны жалмап кететін ажал қаупі тұр.
Қарар:
Біз бұл Конгресті жане ол арқылы бүкіл әлем ғалымдары мен әлем қоғамдастығын төмендегі қарарға қол қоюға шақырамыз:
«Болашақ дүниежүзілік соғыста ядролық қару міндетті түрде қолданылатынына байланысты және бұл қару адам атаулының өмір сүруіне қауіп төндіретіндіктен, біз әр елдің үкіметтерінің мемлекеттер арасындағы даулардың дүниежүзілік соғысты туындату нәтижесінде шешілмейтіндігін түсінуін және осыны көпшілік алдында мәлімдеуін талап етеміз. Біз олардан барлық даулы мәселелерді шешудің бейбіт құралдарын табуды талап етеміз».
Келісімге қол қойған тараптар:
Профессор Макс БОРН, Берлинде, Франкфуртте және Геттингенде теориялық физика профессоры, Эдинбургте жаратылыстану философиясының профессоры, физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Профессор Перси У. БРИДЖМЕН, Гарвард университетінің профессоры, физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Профессор Альберт ЭЙНШТЕЙН
Профессор Леопольд ИНФЕЛЬД, Варшава университетінің теориялық физика профессоры
Профессор Фредерик ЖОЛИО-КЮРИ, физика профессоры, химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Профессор Герман МЁЛЛЕР, Индиана штаты Университетінің зоология профессоры, физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Профессор Лайнус ПОЛЛИНГ, Калифорния технология институтының химия профессоры, химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Профессор Сессил ПАУЭЛЛ, Бристоль университетінің физика профессоры, физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Профессор Джозеф РОТБЛАТ, Лондон университетінің физика профессоры
Бертран РАССЕЛ
Профессор Хидеки ЮКАВА, Киото Университетінің теориялық физика профессоры, физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Рассел - Эйнштейн манифесі, 1955 ж.
Ескертулер:
[1] Профессор Жолио-Кюри мынадай сөздерді қосқысы келеді: «Мемлекеттер арасындағы дауларды шешудің құралы ретінде».
[2] Профессор Жолио-Кюри: бұл шектеулер туралы барлығы өзара келісуі тиіс және барлығының мүддесі үшін деп қосқысы келеді.
[3] Профессор Мёллер, бұл «барлық қаруды теңдестірілген қысқарту» дегенді білдіруі тиіс деп ескерту енгізеді.