Басты бет Комитет туралы

Комитет туралы

Қазақстанның Пагуош комитеті туралы

Қазақстанның Пагуош комитеті (бұдан әрі – Комитет) құрылымдық бөлімше ретінде Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының (бұдан әрі – ҚазҰЖҒА) жанынан құрылды.

Комитеттің заңды тұлға мәртебесі жоқ, ҚазҰЖҒА Төралқасының жанында тұрады, ҚазҰЖҒА Төралқасының ғылыми-үйлестіруші және ғылыми-консультациялық органы ретінде әрекет етеді.

Комитет халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту мен нығайту және ҚазҰЖҒА-ның ғалымдардың 1955 жылғы 7-10 шілдеде Пагуошта (Канада) болған халықаралық конференциясында қабылданған 1955 жылғы 9 шілдедегі Рассел-Эйнштейн Манифесінің қарарына сәйкес құрылған «Пагуош ғалымдар қозғалысы» халықаралық үкіметтік емес ғылыми ұйымының (Pugwash Conferences on Science and World Affairs) қызметіне қатысуын үйлестіру мақсатында құрылды.

Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамасын, ҚазҰЖҒА жарғысын, ҚазҰЖҒА шешімдерін, ҚазҰЖҒА президентінің өкімдері мен бұйрықтарын, Пагуош ғалымдар қозғалысының жарғылық және бағдарламалық құжаттарын және осы Ережені басшылыққа алады.

Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, ҚазҰЖҒА Төралқасымен және оның аппаратымен, бөлімшелерімен, өңірлік филиалдарымен, сондай-ақ Пагуош ғалымдар қозғалысының халықаралық басқару органдарымен және ұлттық Пагуош комитеттерімен өзара бірлесіп жүзеге асырады. Комитет ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен, қоғамдық және кәсіби бірлестіктермен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара бірлесіп атқарады.

ҚазҰЖҒА Комитетті қаржылық, материалдық, техникалық және шаруашылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және белгіленген тәртіппен Пагуош ғалымдар қозғалысына жыл сайынғы мүшелік жарна төлейді. 

ҚазҰЖҒА Төралқасы Комитетке оның жұмысына қажетті ұйымдық және ақпараттық, оның ішінде Комитеттің ресми сайтының жұмысына техникалық тұрғыдан көмек көрсетеді.

Комитеттің орналасқан жері – Астана қаласы.