2019 жылы 8-12 сәуірде Женева қ. БҰҰ бөлімінде үкіметтік сарапшылар тобының – Бас хатшының кеңесшілерінің ядролық қарусыздануды ілгерілетудегі верификацияның рөлін қарастыру бойынша үшінші сессиясы өтті. 2019 жылы 14 наурызда ҚазҰЖҒА Президиумымен бекітілген Қазақстандық Пагуош комитетінің 2019 жылға арналған жоспарына сәйкес, сессияға Қазақстан Республикасы атынан ҚПК төрағасының орынбасары – ҚР ҰЯО РМК бас директоры Батырбеков Э.Г. қатысты.
БҰҰ Бас ассамблеясының қарарында белгіленген мандатқа сәйкес бұл сессия екі сессия шеңберінде, сондай-ақ сессиялар арасындағы консультациялар жүргізілген кезде өткен топ жұмысының қорытындысын жинақтауға арналған соңғы сессия болды.
Бұған дейін ұсынылған баяндамалар, жұмыс құжаттары және талқылаулар нәтижесінің негізінде топтың есеп жобасы қалыптастырылып, үшінші сессия шеңберіндегі жұмыстардың негізі болды.
Сарапшылардың жұмысы ережелер мен тұжырымдамаларды пысықтауға, талқылауға және келісуге шоғырландырылып, ядролық қарусыздану процесін ілгерілетудегі верификациялаудың рөлін, верификациялау қағидаларын, аталған бағыттағы алдағы жұмыстар бойынша ұсыныстарды қарастыру сияқты бөлімдерді қамтитын топтың қорытынды есебінде қолданылды.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасының ядролық қарусыздандыруды верификациялау процесіне қатысудағы бірегей тәжірибесі көрініс тапқан қорытынды есеп сарапшылармен келісілді. Үкіметтік сарапшылар тобының – Бас хатшы кеңесшілерінің ядролық қарусыздандыруды ілгерілетудегі верификациялаудың рөлін қарастыру жөніндегі есебі БҰҰ Бас хатшысына ұсынылады.