«Өткенге көз жүгіртіп, болашаққа бет бұру»

ЯСЖТШҰ жас ғалымдары мен мамандарының «Өткенге көз жүгіртіп, болашаққа бет бұру» атты халықаралық конференциясы, Курчатов қ.

 

Қазақстандық Пагоуш комитетінің 2017-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 28 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Астанада Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) «Өткенге көз жүгіртіп, болашаққа бет бұру» атты халықаралық конференциясы болып өтті. 
Конференция Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясымен белгіленген 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылды.
Конференция жұмысына Қазақстан ғалымдары – Қазақстанның Пагоуш комитетінің (ҚПК) мүшелері белсенділікпен қатысты. 
ҚПК төрағасының орынбасары, ҚР ҰЯО РМК бас директоры 
Э. Батырбеков «Қазақстан Республикасында таратпау мәселелеріне ғылыми-техникалық қолдау көрсету» атты баяндама оқыды.

 

Баяндамада Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан ерікті түрде бас тартудағы рөлі атап көрсетілді. Үш жылдан аз уақытта республикамыз әлемде қуаты бойынша төртінші орында тұрған ядролық қару-жарақ иесінен ядролық қарусыз мемлекетке, ал сәл кейінірек ядролық қарусыздандыру үдерісіндегі әлемдік көшбасшылардың біріне, ядролық қарудан азат әлем құруға бағытталған бірқатар бастамалардың авторына айналды. Ұлттық ядролық орталықтың мамандары ядролық сынақ инфрақұрылымын жою және Семей ядролық полигонын конверсиялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.    
Конференцияға қатысушылар – ЯСЖТШҰ-ның жастар тобы мен көрнекті қайраткерлер тобы Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Геофизикалық зерттеулер институтында болды. Конференцияға қатысушылар аталған ұйымдардың басшылығымен, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін жас мамандармен кездесті.

 
Қонақтар үшін Семей полигоны мұражайына экскурсиялар ұйымдастырылды, КТМ токамагы қондырғысын, зертхана корпустарын аралап, полигондағы алғашқы ядролық сынақ өткізілген жер – «Тәжірибе алаңына» барып қайтты.  


Геофизикалық зерттеулер институтында конференцияға қатысушылар үшін ЯСЖТШҰ-ның Халықаралық мониторинг жүйесіне кіретін «Курчатов – Крест» сейсмикалық тобына экскурсия ұйымдастырылды.