Қазақстанның Пагуош комитеті: негізгі тапсырмалар, сондай-ақ атқарылған жұмыстар

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайту ісіндегі сындарлы саясатын жалғастыра отырып, 2017 жылғы 4 тамызда Қазақстанда Пагоуш комитеті құрылды, оның құрамына Қазақстанның жетекші ғалымдары, саяси және мемлекеттік қайраткерлері кіреді.

Пагоуш комитетінің төрағасы болып ҚР Президентінің кеңесшісі Владимир Школьник, төраға орынбасары болып ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков тағайындалды.  

Қазақстанның Пагоуш комитетінің қызметі халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту мен нығайтуға және қазақстандық ғалымдардың «Ғалымдардың Пагоуш қозғалысы» (Pugwash Conferences on Science and World Affairs) халықаралық ұйымының іс-шараларына қатысуын үйлестіруге, сол сияқты өзінің ғылыми-техникалық әлеуетін бейбіт мақсатта пайдалануға бағытталған.

 

Қазақстанның Пагоуш комитеті алғашқы күннен бастап жұмысына белсене кірісіп кетті.

«Ядролық қауіп-қатерлер» атты 62-ші конференцияның пленарлық отырысында Қазақстанның Пагоуш комитетінің төрағасы Владимир Школьник сөз сөйледі. Ол қалың жұртшылықты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен жазылған «Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру жөніндегі ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасымен таныстырды. Орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген үш томдық басылым халықаралық деңгейдегі сарапшылардың жоғарғы бағасына ие болды.      

Пагоуш комитетінің идеясын ілгерілете отырып, Қазақстан кезекті рет қарусыздандыру мәселелері бойынша БҰҰ стипендиаттарын қабылдады. Олар Қазақстанның бірнеше қаласын аралап, соның ішінде Курчатовта болып қайтты. Мұнда стипендиаттар Қазақстанның ғалымдарымен кездесіп, таратпау режиміне қолдау көрсету, ядролық энергия мен технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қызмет мәселелерін талқылады. Қонақтар Семей сынақ полигоны мұражайын аралап, КТМ токамагы мен «Тәжірибе алаңына» экскурсияға барды.   

Қазақстанның Пагоуш комитеті халықаралық ірі іс-шаралардың жұмысына, соның ішінде МАГАТЭ Бас конференциясының 61-ші сессиясына, ядролық материалдар мен қондырғыларды физикалық қорғау жөніндегі халықаралық конференцияға, ядролық қауіпсіздік жөніндегі байланыс тобының 60-шы кеңесіне және ЯСЖТШ дайындық кеңесінің 49-шы сессиясына белсенді түрде қатысты. Бұл – Қазақстанның Пагоуш комитетінің ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қарусыздандыру және таратпау жөніндегі бастамаларын ілгерілетудегі кезекті қомақты үлесі.    

          Пагоуш комитетінің жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, таратпау және радиоэкология мәселелері саласында тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. 

Мысалы, 2017 жылғы 10 – 11 қазанда Астанада Қазақстанның Пагоуш комитеті мүшелерінің қатысуымен «Ядролық ғылым мен технологияларды қоршаған ортаны қорғау үшін қолдану» тақырыбында Азиядағы Ядролық кооперация форумының министрлер деңгейіндегі 18-ші кеңесі болып өтті. Жаппай қырып-жоятын қаруды ядролық сынау және АЭС-тегі апаттардың салдарын жою саласында Қазақстан мен Жапонияның ғалымдары тәжірибе алмасқан тағы бір маңызды іс-шара 2017 жылғы 1 – 3 қараша аралығында ҚР ҰЯО негізінде жапондық JAEA ұйымымен бірлесіп өткізілген семинар болды.   

Сондай-ақ Пагоуш комитетіне мүше ұйымдардың ғылыми-практикалық саладағы жұмысы да үлкен жетістіктермен атап өтілді. Атап айтқанда, жаппай қырып-жоятын қарудың таралу қаупін азайту мақсатында ҚР ҰЯО мамандары іске асырылып жатқан халықаралық шарттар шеңберінде ССП аумағындағы  ядролық қызмет қалдықтары бар объектілер мен учаскелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді шешуде. Бұл үшін ядролық сынақтар инфрақұрылымын конверсиялауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүргізілуде.  

2017 жылы АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігімен (DTRA) жасалған шарт шеңберінде ССП-ның «Тәжірибе алаңы», «Сарыөзен» және «Ақтамберді» сынақ алаңдары аумағында ЖҚҚ таралу қаупін азайтумен байланысты жұмыстар жүргізілді.

Ядролық материалдарды таратпау режимін нығайту тұрғысынан маңызды объектілерді бақылау қамтамасыз етілді.

Зерттеу реакторларын жоғары байытылған отыннан төмен байытылған отынға ауыстыру жұмысы жалғастырылуда.