Қазақстан Пагуош комитетінің (ҚПК) Хатшылығы 2026 жылғы 13-15 мамыр аралығында Алматы қаласында Қазақ-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) базасында «Уран және сирек металдар өнеркәсібін дамыту» атты XII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткенін хабарлайды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұйымдастырған бұл салалық іс-шара Қазақстан, Ресей, АҚШ, Канада, Жапония, Түркия, Малайзия және басқа да мемлекеттерді қоса алғанда әлемнің 34 елінен келген жетекші компаниялардың, ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдардың және сарапшылық ұйымдардың өкілдері үшін кәсіби диалог алаңына айналды.
Конференция бағдарламасы жеті тақырыптық секцияны қамтып, геология, уранды өндіру және өңдеу, өндірістік процестерді цифрландыру, сирек металдар өнеркәсібін дамыту, ESG мәселелері және халықаралық технологиялық ынтымақтастық бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. Кең халықаралық өкілдік әлемдік кәсіби қауымдастықтың атом энергетикасын, уран саласын және стратегиялық маңызы бар материалдарды дамыту мәселелеріне жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетті.

Форум жұмысына Қазақстан Пагуош комитетінің мүшелері болып табылатын белгілі ғалымдар мен сарапшылар белсенді қатысты:
— Ч.Т. Лаумуллин – ҚБТУ профессоры, Кембридж университетінің ғылыми қызметкері (пленарлық отырыстың модераторы);
— Т.М. Жантикин – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Атом энергетикасы қауымдастығы төрағасының орынбасары;
— М.Т. Ғабдуллин – ҚБТУ ректоры;
— И.Л. Тәжібаева – «Қазақстанның Ядролық қоғамы» қауымдастығы Басқарма төрайымы;
— Б.М. Ибраев – «Қазақстанның Ядролық қоғамы» қауымдастығы жанындағы Дүниежүзілік атом энергетикасы мамандары қауымдастығының төрағасы;
— З.А. Мансұров пен PhD М.К. Байпақов – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Жану проблемалары институтынан;
— С.А. Алиев – «Қазақстанның Ядролық қоғамы» қауымдастығы жанындағы «Болашақ энергиясы» халықаралық озық технологиялар орталығының директоры.
«Реакторға дейінгі ядролық отын циклының технологиялары мен өзекті мәселелері: конверсия және ядролық отын өндірісі» атты 3-секция аясында (модератор – Б.М. Ибраев)
профессор З.А. Мансұров пен PhD М.К. Байпақов «Қазақстандағы торий: ядролық энергетикада пайдалану перспективалары» тақырыбында сараптамалық баяндама жасап, мақала ұсынды. Баяндама сенімді атом энергетикасын дамытуға арналған инновациялық реакторлық технологияларды қолдану мәселелеріне арналды.

«Тұрақты даму (ESG), атом саласының құқықтық, макроэкономикалық және білім беру аспектілері» атты 6-секцияда
С.А. Алиев «Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясат аясында қоғамдық сананы қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады.

Қатысушылар халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, инновациялық шешімдерді енгізу және уран мен сирек металдар өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жаңа буын мамандарын даярлау қажеттігін атап өтті.
Конференция жұмысына шамамен 1000 адам қатысты. Іс-шара уран және сирек металдар өнеркәсібіндегі өзекті мәселелер мен жаңа технологияларды талқылауға арналған маңызды алаңға айналып, ғылым, өнеркәсіп және білім беру салалары арасындағы өзара іс-қимылды дамытудағы рөлін тағы да растады.
Қосымша ақпаратты ұйымдастырушылардың ресми интернет-ресурстарынан алуға болады. www.kazatomprom.kz және uranconference.kz