ҚПК Хатшылығы 2024 жылғы 26-27 қыркүйек аралығында Өскемен қаласында Қазақстан-Америка Еркін Университетінің (ҚАЕУ) 30 жылдығы мен оның негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Мәмбетқазиев Е.А.-ның 40 жылдық жемісті қызметіне арналған мерейтойлық іс-шаралар өткенін хабарлайды.
Іс-шараларға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы әкімдігінің басшылары, Қазақстан Республикасы университеттері мен қауымдастықтарының өкілдері, АҚШ, Словакия, Германия елшілері, Ресей Федерациясынан, Түркиядан, Өзбекстаннан келген әріптестер мен серіктестер, Шығыс Қазақстан облысы университеттерінің ректорлары, аймақтағы мектептер, колледждер және басқа да білім беру ұйымдарының директорлары, Өскемен қаласының ірі кәсіпорындарының басшылары, ҚАЕУ оқытушылары мен студенттері қатысты.
Пагуош комитетінің Қазақстандағы өкілдігінен комитет хатшысы, «ҚЯҚ» Ассоциациясы Басқармасының мүшесі, профессор Ахметов Т.З. мерейтой иесіне «ҚЯҚ» Ассоциациясы Президенті, ҚПК Төрағасы, профессор Школьник В.С. -тің құттықтау хатын және сыйлығын табыстап, профессор Школьник В.С.-тің ҚАЕУ-ді маңызды мерейтойымен, 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтауларын жеткізді. Университетке одан әрі табыстар мен өркендеу тілеп, ҚПК-мен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және бейбітшілік пен қауіпсіздік идеяларына адалдықты атап өтті.
Сонымен қатар, ҚАЕУ білім беру бағдарламаларының жаһандық диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қалай ықпал ете алатындығының жарқын мысалы екенін ерекше атап өтті, заманауи сын-қатерлерді шешуге қабілетті мамандарды дайындап шығаруда маңызды рөл атқарып келе жатқандығын айтты.
Университет ұжымына толағай табыстар, жаңа жобалар және ғылым мен білімнің игілігі жолындағы жетістіктер үшін сарқылмас күш-жігер, шабыт пен зор денсаулық тіледі.
Толық ақпаратты www.kafu.edu.kz сайттан білуге болады.