ҚПК хатшылығының хабарлауымен 2024 жылғы 4-7 маусым аралығында Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында (ҚР ҰЯО РМК) Бас директор, ҚПК төрағасының орынбасары Э.Г. Батырбековтың, Жапонияның Атом энергиясы агенттігінің Президенті М. Когучидің, Marubeni Utility Services, Toshiba Energy Systems & Solutions Corporation, Japan Atomic Power company, Toyo Tanso Co.Ltd. және т.б. ұйымдарының басшылары мен мамандарының қатысуымен «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан – Жапония ғылыми-техникалық ынтымақтастығына 30 жыл» атты халықаралық ғылыми-техникалық семинар болып өтті.
Іс-шараға жетекші ғалымдар мен атом өнеркәсібі және ғылым саласындағы ұйымдардың мамандары, ҚазЖҒҰА жанындағы ҚПК мүшелері қатысты.
Семинардың мақсаты – ҚР ҰЯО РМК мен Жапония ұйымдарының 30 жылдық ынтымақтастығын қорытындылау, ынтымақтастықтың алдағы уақыттағы перспективалары мен бағыттарын талқылау.
Семинарға қатысушылардың атына Абай облысының әкімі Н.Т. Ұранхаевтан, ҚР Энергетика министрі А.М. Сәтқалиевтен, ҚР Энергетика вице-министрі С.Қ.Есімхановтан, Қазақстанның ядролық қоғамы президенті, ҚПК Төрағасы, профессор В.С. Школьниктен, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д. Ямададан құттықтаулар келіп түсті.
Осы жылдар ішінде COTELS, EAGLE, Fukushima Debris, CORMIT және басқа да ауқымды жобалар жүзеге асырылды, олар атом энергетикасының қауіпсіздігі мәселесін шешуге елеулі үлес қосты.
Толық ақпарат ҚР ҰЯО РМК сайтында: www.nnc.kz