Термоядролық технологиялар бойынша 32-ші халықаралық симпозиум

2022 жылғы 18-23 қыркүйек аралығында Қазақстан Пугваш комитетінің мүшесі, ҚПК жастар бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының «Атом энергиясы институты» филиалының зертхана басшысы Миниязов А.Ж. Дубровник қаласында (Хорватия) өткен «32nd Symposium on Fusion Technology – SOFT 2022» халықаралық симпозиумына қатысты.

Шараны Хорватияның жаратылыстану және биомедициналық ғылымдар, сондай-ақ теңіз және қоршаған ортаны зерттеу саласындағы жетекші ғылыми институты Руджер Бошкович институты (RBI) ұйымдастырды. Екі жылда бір рет өтетін SOFT симпозиумы Еуропадағы термоядролық бағыттағы ең маңызды конференция болып табылады. Симпозиум термоядролық эксперименттер мен жұмыстар бойынша соңғы жаңалықтарды көрсету үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдарды, инженерлерді, өнеркәсіпті және көрме қатысушыларын біріктіреді. SOFT сипозиумы шақырылған, ауызша және постерлік презентацияларды, сондай-ақ салалық және ғылыми көрмелерді қамтиды. Жалпы, симпозиумға әртүрлі елдерден 700-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысты.

Конференция аясында Миниязов А.Ж. термоядролық технологияға аясында перспективті құрылымдық материалдарды жасау саласындағы зерттеулерге бағытталған «Плазма әсерінен вольфрам карбидінің беткі қабаттарының құрылымы мен қасиеттерінің бұзылуы» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция қатысушыларға өз көзқарастарымен және термоядролық технологияларды дамытудағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісуге мүмкіндік берді.

Толық ақпаратты конференцияның ресми парақшасынан табуға болады: https://soft2022.eu