Пугваш комитетінің ғалымдардың Пугваш қозғалысының 2020 жылғы 9 шілдедегі жолдауына түсініктеме

Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласындағы саясаты

Рассел-Эйнштейннің манифесі бейбітшілік үшін, қарусыздану үшін, халықаралық қауіпсіздік, әлемдік ядролық соғыстың алдын алу және ғылыми ынтымақтастық үшін күресетін Пугваш ғалымдар қозғалысына бастау болды. 65 жыл өткеннен кейін де Манифест мәтіні өзектілігін сақтап қала береді.

Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды (ЖҚҚ) таратпау саласындағы саясаты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеген Республиканың сыртқы саяси бағытымен айқындалады. Осы бағыттың негізінде халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, жаһандық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыруға деген пейілділік жатыр.

Қазақстан тарихы үшін өткен ғасырдың 90-жылдарының басы айтулы кезең болды. Бұл уақыт ел үшін және халықаралық қоғамдастық үшін аса маңызды екі оқиғамен – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен және Семей ядролық сынақ полигонының (ССП) жабылуымен байланысты. 40 жыл ішінде 1949 жылдан 1991 жылға дейін полигон аумағында ядролық қарудың барлық түріне 456 сынақ жүргізілді, бұл үлкен аумақта радиацияның таралуына әкелді. Сол кезде полигон аумағы 18 300 кв.км құрады, бұл Израиль немесе Словения сияқты мемлекеттердің аумақтарымен бірдей. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күннің маңыздылығы тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де 2009 жылдың желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күні деп бірауыздан жариялауымен расталады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Тәуелсіз Қазақстанның аумағында ядролық қару-жарақтың айтарлықтай мөлшері – бөлінетін оқтұмсығы бар стратегиялық зымырандар, алысқа ұшатын бомбалаушылар және оларға тиісті атомдық және термоядролық зарядтар қалды. 1991 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында континентаралық баллистикалық зымырандар мен ауыр бомбалаушылар үшін ядролық зарядтарға арналған 1216 ядролық оқтұмсықты қамтитын жаппай қырып-жою қаруының үлкен арсеналы болды.

Бұдан басқа, КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан аумағында атом бомбаларын өндіруге жарамды байытылған уранның жеткілікті мөлшері қалды. Бұдан оннан астам ядролық бомбалар шығаруға болатын еді. Кейіннен Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы арнайы келісімге сәйкес, «Сапфир» жобасы шеңберінде аталған жоғары байытылған уран Америка аумағына шығарылды.

Әлем алдындағы жаһандық жауапкершілікті сезіне отырып, Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың атынан Қазақстан ядролық арсеналдан бас тартты, тарихи таңдау жасап, Республиканың жаһандық қауіпсіздік саласындағы одан арғы стратегиясын айқындады. Осы сәттен бастап жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін сақтау және нығайту Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатындағы басым бағыттардың бірі болды.

Қазақстан Республикасы ядролық қарусыздану процесінің көшбасшысы беделін нығайта отырып, ядролық қарудан азат әлемді құруға бағытталған үйлесімді және жауапты саясатты дәйекті түрде іске асырады. Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қосылды.

Бес республика Шартқа қол қойғаннан кейін Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ деп жарияланды. Бұл – бұрын қуатты ядролық қару болған және сыналған өңірдегі Солтүстік жартышарда құрылған алғашқы ядролық қарусыз аймақ.

Жаһандық антиядролық қозғалысты қалыптастыру жолындағы кезекті қадам Қазақстанның ұсынысы бойынша ядролық қарудан азат әлемді құру туралы Жалпыға ортақ декларацияны БҰҰ-ның бекітуі болды. Бұл ядролық қару-жарақты қысқарту, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісіне қосқан Республиканың үлесін халықаралық қоғамдастықтың мойындауының және қолдауының куәсі болды.

Таратпау режимін нығайту саясатын ұстанатын және ядролық материалдармен жұмыс істеу тәжірибесі мол сенімді әріптес ретінде Қазақстан Республикасының танылуының дәлелі Қазақстан аумағында атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің төмен байытылған уран банкін құру туралы шешім болды. Банк төмен байытылған уранды атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігіне мүше мемлекеттерге, егер олар оны әлемдік коммерциялық нарықта ала алмаса, кепілді жеткізудің бірегей тетігі болып табылады.

Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет бола отырып, өзін ядролық қарудан азат әлем құрудың берік және дәйекті жақтаушысы ретінде танытты. Таратпау ісінде зор тәжірибеге ие бола отырып, Республика басқа елдерге осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты іске асырудың озық үлгісін көрсетіп отыр.

Ядролық қаруды сынаудың инфрақұрылымы мен салдарын жою жөніндегі кең ауқымды қызмет, бұрынғы ССП-ның әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсатқа конверсиялау, атом энергиясы қауіпсіздігі саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың нәтижелері, осы және басқа да жұмыстар Қазақстанның қауіпсіз әлемді құру ісіндегі зор жетістігі, Қазақстанның таратпау ісіне қосқан айрықша және бірегей үлесін растау болып табылады, ол елдің белсенді ядролық қаруға қарсы ұстанымында ғана емес, нақты істерінде де көрініс табады. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде халықаралық қоғамдастықтың сенімді серіктесі болды, болады және бола бермек.