ҚазҰЖҒА жанындағы Қазақстан Пагуош комитетінің (ҚПК) хатшылығы 2026 жылғы 12–21 қыркүйек аралығында биология ғылымдарының кандидаттары, доценттер Ж.К. Масалимов (ҚПК мүшесі), А.Ж. Бектурова және аға оқытушы С.К. Наекова Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті делегациясының құрамында Германияның ASIIN аккредиттеу агенттігінің мамандандырылған бағдарламасы бойынша оқудан сәтті өтіп, жоғары білім сапасын бағалаудың еуропалық құралдарын меңгергенін хабарлайды.

Неміс әріптестерімен ынтымақтастық нақты нәтижелерін бере бастады. 2026 жылғы 7 қазанда Рейн-Вааль қолданбалы ғылымдар университетінің ғалымдар делегациясын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ басшылығы қабылдады. Кездесу қорытындысы бойынша отандық биотехнолог мамандарды даярлау барысында Германия профессорларын сарапшы-кеңесші ретінде тарту және бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу жөнінде маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың биотехнология және микробиология кафедрасы шығыс бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда. 2026 жылғы қазанда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен QS рейтингі бойынша әлемнің үздік 130 университетінің қатарына кіретін Universiti Sains Malaysia арасында стратегиялық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім тең құқықты академиялық алмасуға, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыруға және PhD докторанттарына бірлесіп ғылыми жетекшілік етуге кең мүмкіндіктер ашады.
Ғылымды Қазақстан экономикасының нақты секторымен ықпалдастыруға ерекше назар аударылуда. Практикаға бағдарланған оқыту қағидаттарын іске асыру мақсатында «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ құрамындағы «НЦБ» ЖШС-мен ресми шарт жасалды. Аталған орталық базасында бакалавриат, магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша биотехнология және микробиология кафедрасының филиалы ашылды.
Келісім орталықтың заманауи жабдықтарын пайдалана отырып зертханалық практикалық сабақтар өткізуді, диссертациялық жұмыстарды дайындауды және түлектердің кейіннен жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді көздейді.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың биотехнология және микробиология кафедрасының ғалымдары білім беру бағдарламаларын жаңғырту, ғылыми-өндірістік кооперацияны тереңдету және отандық жоғары білімді әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдастыру міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асыруда.
ҚазҰЖҒА жанындағы Қазақстан Пагуош комитеті қолдайтын бұл бастамалар Қазақстанның ғылыми-инновациялық әлеуетін нығайтуға және жоғары білікті биотехнология мамандарын жүйелі даярлауға ықпал етеді.
Қосымша ақпарат: https://enu.kz/ru/news/7609/ https://www.hochschule-rhein-waal.de/