Қазақстандық делегация МАГАТЭ Бас конференциясына қатысты

Қазақстанның Пагуош комитетінің хатшылығы қазақстандық делегацияның 2026 жылғы 14-18 қыркүйекте Венада өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас конференциясының 70-сессиясына қатысқанын хабарлайды. Делегацияны Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғ. Е.Сергазин басқарды.

Конференция жұмысына қазақстандық делегация құрамында Қазақстанның Пагуош комитетінің мүшелері, ҚР ҰЯО өкілдері: ҚР ҰЯО бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Владимир Витюк және ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты директорының орынбасары Арман Миниязов қатысты.

Ұлттық мәлімдемеде Қазақстан бейбіт ядролық технологияларды дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және мамандар даярлау салаларындағы басымдықтарын таныстырды. Ұлттық стендте еліміздің ғылыми және технологиялық әзірлемелері ұсынылды.
Экспозицияның ашылуына МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гросси қатысты.

Бағдарламада 16 қыркүйекте өткен «Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл: ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа» атты іс-шараға ерекше орын берілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының өкілдері ядролық сынақтар салдарын зерттеу нәтижелері, радиоэкологиялық зерттеулер және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға арналған эксперименттік базаны дамыту туралы баяндады.

Қазақстан алғашқы атом электр станцияларына кадрлар даярлау және онкологияда ядролық технологияларды қолдану жөніндегі тақырыптық іс-шараларды да ұйымдастырды. Талқылаулар білім беру инфрақұрылымын дамыту, радиофармацевтикалық препараттар өндіру және заманауи емдеу әдістерін қамтыды.

Дереккөз https://www.gov.kz/org/atom-energiyasy/press/news/details/1292413?lang=ru