Қазақстан Пагуош комитетінің хатшылығы 2025 жылғы 1–5 қараша аралығында Хиросима қаласында 63-ші Пагуош конференциясы өткенін хабарлайды. Форум атомдық бомбалаудың 80 жылдығына, Рассел–Эйнштейн манифестінің 70 жылдығына және Джозеф Ротблат пен Пагуош қозғалысына берілген Нобель бейбітшілік сыйлығының 30 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылар кездесудің басты үндеуін атап өтті: «Хиросима қайталанбасын. Нагасаки қайталанбасын. Соғыс ешқашан қайталанбасын.» (pugwash.org)

Бағдарламада ядролық қатерлерді азайту және халықаралық диалогты нығайту мәселелері бойынша пленарлық сессиялар мен тақырыптық пікірталастар өтті. Конференция жұмысы келесі тақырыптық жұмыс топтарында жалғасты:
1. Ядролық қарусыздану және қаруды бақылаудың болашағы.
2. Атом энергиясы және таратпау.
3. Азия-Тынық мұхиты аймағы және ядролық қару.
4. Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен жаппай қырып-жою қарулары.
5. Еуропалық қауіпсіздік.
6. Жаңа технологиялар және олардың қақтығыстарға әсері.

«Атом энергиясы және таратпау» жұмыс тобының отырысы
Конференция жұмысына Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институтының директор орынбасары, Қазақстан Пагуош комитетінің мүшесі Арман Жанарбекұлы Миниязов қатысты.
Конференция аясында Пагуош қозғалысының президенті доктор Хуссейн әл-Шахристани және Бас хатшы доктор Карен Холлбергпен Қазақстан Пагуош комитетінің қазіргі ынтымақтастығы мен болашақ жоспарлары жөнінде жұмыс кездесулері өтті. Қазақстанның Пагуош бағдарламаларына белсенді қатысуы расталды: сарапшылардың жұмыс топтарына қосылуы, жастар бағытын дамыту және қатысушы елдердің ұлттық комитеттерімен бірлескен іс-шараларды өткізу.

Пагуош қозғалысының президенті доктор Хуссейн әл-Шахристани және Қазақстан Пагуош комитетінің мүшесі , PhD Арман Миниязов
Қазақстанның 63-ші Пагуош конференциясына қатысуы елдің диалогқа, ядролық қатерлерді төмендетуге және қарусыздануды ілгерілетуге адалдығын дәлелдейді. 62-ші конференцияның Астанада өту тәжірибесі және Қазақстан Пагуош комитетінің жұмысы ғалымдар мен сарапшылардың жаһандық шешімдерге қосатын үлесін арттыру үшін тұрақты негіз қалыптастырды.
Анықтама үшін. Бұған дейінгі, 62-ші Пагуош конференциясы 2017 жылы 25–29 тамыз аралығында Астана қаласында «Confronting New Nuclear Dangers» тақырыбында өткен (https://pugwash.org/2017/08/25/62nd-pugwash-conference-astana/).

Суретте солдан оңға қарай: Тацудзиро Судзуки, Карен Холлберг, Хуссейн әл-Шахристани, Гетц Нойнек және Томохиро Инагаки.
Пагуош өкілдері Хиросима ескерткіш кешеніндегі еске алу кенотафына гүл шоғын қойды.
Хиросимада өткен 63-ші Пагуош конференциясы Пагуош қозғалысының ғылыми дипломатия құралы ретіндегі рөлін тағы да растады. Мұнда сараптамалық пікірлер ядролық қатерлерді азайтуға бағытталған нақты іс-шараларға айналуда: үкіметтерге арналған келісілген ұсынымдар, өңірлік сенім шараларын дамыту және Пагуош жастар тобы (ISYP) арқылы жаңа буын мамандарын даярлау. Хиросиманың тарихи жады — жай символ емес, жауапкершілік тетігі..

Толық ақпарат, бағдарлама және материалдар Пагуош ғалымдар қозғалысының ресми сайтында жарияланған: 63rd Pugwash Conference in Hiroshima. Сондай-ақ сайтта Пагуош бас хатшысының құттықтау сөзі мен доктор М. Джавад Зарифтің «Rethinking Middle East Security in a Changing Environment» баяндамасының жазбасы бар (pugwash.org).